Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарындағы «Қауіпсіз өңір» жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелеріне аса назар аударылды.
Облыс прокуроры қоғамдық орындардағы қылмыстардың себептерін жүйелі талдап, тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев халықтың құқықтық мәдениетін көтеру және қоғамдық орындардың санитарлық тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету әр әкімнің басты міндеті екеніне назар аударды.
Жалпы қылмыс 18%-ға төмендегенімен, жекелеген аудандарда қылмыстың кейбір түрлері өскен. Атап айтқанда, Казталов ауданында ұрлық 66%-ға артса, Жәнібек ауданында жалпы қылмыс 50%-ға өскен.
«Қауіпсіз өңір» жобасы аясындағы зерделеуде инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелер анықталып, оларды жою бойынша шаралар қабылданды.
Аудан орталықтарындағы көшелер толық жарықтандырылды. Жәнібек ауданында 72 бейнекамера орнатылып, полицияның жедел басқару орталығына қосылды.
Камералар арқылы қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар анықталып, жоғалған жасөспірім табылды.
Сонымен қатар, жол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ақжайық, Жаңақала, Казталов және Жәнібек аудандарындағы 40-қа жуық шаруа қожалығы өз аумақтарын қоршады.
Жиында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Облыста 400-ге жуық қоршалмаған электр трансформаторы бар.
Соңғы бес жылда ашық трансформаторлардан бес бала зардап шеккен.
Кеңес қорытындысы бойынша аудандардағы ахуалды одан әрі зерделеу, анықталған проблемаларды шешу және «Қауіпсіз өңір» жобасын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.