Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен жаңа оқу жылы қарсаңында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кеңесті аша отырып, облыс прокуроры профилактикалық жұмыстың нақты нәтижелерді беріп жатқанын атап өтті. «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында Орал қаласындағы барлық мектептерге зерттеу жүргізіліп, олардың 16-да қосымша жарықтандыру орнатылып, іргелес аумақтары абаттандырылды.
Облыс әкімі де аталған ұстанымды қолдап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды және бұл бағыттағы жұмысты мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде атап өтті.
Бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі – Бас прокуратураның үйлестіруімен әзірленген «BalaQorgany Ai» цифрлық платформасының таныстырылымы болды.
Платформа сауалнама жүргізу, мектепішілік есеп және аналитика функцияларын біріктіріп, профилактикалық жұмысты цифрландыруға, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін бағалауға және қажетті көмекті атаулы түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысы бойынша платформаны жаңа оқу жылынан бастап сынақтан өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Апробация барысында 80 мыңнан астам бала қамтылатын болады.