Халықаралық ынтымақтастық мәселесі талқыланды

Халықаралық ынтымақтастық  мәселесі талқыланды

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен РФ-мен шекаралас өңірлерінің прокурорлары, екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының өкілдері және РФ-ның Орал қаласындағы Бас консулының қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Шараға Астрахань, Волгоград, Орынбор, Самара, Саратов облыстарының прокурорлары, Волга өңіраралық табиғат қорғау прокуроры қатысты.

Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы РФ-ның шекаралық аймақтарымен өзара ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталып, трансшекаралық қылмысқа қарсы іс-қимыл, есірткі заттарының заңсыз айналымы, киберқылмыс, мемлекетаралық іздеуді цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлардың алдын-алу мәселелеріне көршілес облыс прокурорларының назарын аударды.

Сонымен қатар, шекаралас аумақтардың экологиялық қауіпсіздігі, киіктер миграциясы, жануарлар арасында аурулардың таралуының алдын-алу және екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар тәжірибе алмасуды жалғастыруға және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растап, өзара ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеу бастамасын қолдады.

Қатысушылар бұндай кездесулерді тұрақты диалог алаңына айналдыруға уағдаласты.