Облыс прокуратурасы халықты жұмыспен қамту саласындағы заң бұзушылықтарды анықтады

Облыс прокуратурасы халықты жұмыспен қамту саласындағы заң бұзушылықтарды анықтады

Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен халықты жұмыспен қамту саласындағы заңдылықтың жай-күйіне арналған алқа отырысы өткізілді.

Алқа отырысында өңірдегі жұмыссыздықтың себептері талқыланды, ол 4,7% немесе 16 963 азаматты құрайды.

Сонымен қатар жалған жұмысқа орналастыру, есептілік деректерін бұрмалау, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және азаматтардың еңбек құқықтарын бұзу фактілеріне, сондай-ақ мемлекеттік гранттар беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Арнайы білімдері мен біліктілігі жоқ 90-ға жуық азаматтың ондай талапты қажет ететін жұмыстарға жолданғаны анықталды.

Облыс прокуроры формальды түрде қалыптасқан оң көрсеткіштердің нақты нәтиже білдірмейтінін, халықты жұмыспен қамту мәселелері есеп үшін емес, тұрақты жұмыс орындарын құруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар қажет екенін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға заң бұзушылықтарды жою, статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз ету, негізсіз төленген 5 млн жуық бюджет қаражатын қайтару және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту бойынша кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынды.