Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының алқа мәжілісінде отбасылық – тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мәселесі қаралды.
Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев және Қазақстандағы отбасы жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева қатысып, мемлекеттік органдардың отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысының тиімділігі, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселесі талқыланды.
Мәжіліске төрағалық еткен облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтардың орын алуына жұмыссыздық пен алкоголизм және есептегі тұлғаларды бақылаудың әлсіреуі себеп болғанын баса айтты.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының талапқа сай болмауынан зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оның құрбандарына уақытылы және сапалы көмектің де жүргізілмейтініне назар аударды.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру басты міндет екенін айтты.
Снежанна Имашева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланысының маңызына тоқталды.
Жиын қорытындысымен полицияға профилактикалық жұмысты күшейту, қорғау нұсқамаларын бақылауды цифрландыру, жергілікті атқарушы органдарға мобильді топтардың қызметін жандандыру, отбасын қолдау орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту және білікті мамандармен қамтамасыз ету тапсырылды.