Әлеуметтік әріптестікті нығайту – еңбек тұрақтылығының кепілі

Әлеуметтік әріптестікті нығайту – еңбек тұрақтылығының кепілі
Орал қаласында Қарашығанақ кен орнында әлеуметтік әріптестік және еңбек дауларының алдын алу мәселелері бойынша форум өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Karachaganak Petroleum Operating B.V. мердігер ұйымдарының басшылары мен мамандары, кәсіподақ бірлестіктері, сондай-ақ өзге де мүдделі тараптардан барлығы 100-ден астам адам қатысты.
Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыстық еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Асылұлан Досжанов және KPO B.V. бас директоры Марко Марсили әлеуметтік әріптестік және еңбек дауларының алдын алу саласындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуға, заңдылық мәдениетін дамытуға және жеке әрі ұжымдық еңбек дауларын сотқа дейін реттеу тетіктерін ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік органдардың, жұмыс беруші мен мердігер ұйымдардың күш-жігерін біріктіру.
Меморандум аясында тараптардың құзыреті шегінде ақпарат алмасу, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге (оның ішінде мердігер ұйымдарға) арналған бірлескен ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамыту және нығайту көзделген.
Облыс прокуроры жұмыс беруші мен мердігер ұйымдардың мемлекеттік органдармен диалогқа кеңінен тартылуы еңбек құқықтарының бұзылуын уақтылы анықтап, жолын кесуге, қызметкерлердің өтініштеріне ден қою тиімділігін арттыруға және өңірде қауіпсіз әрі әділ еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Облыс прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырады.