Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы облыс әкімі Нариман Төреғалиұлымен Орал қаласының №52 орта мектебіне барды.
Іс-шара мектеп оқушылары арасында құқықтық мәдениетті және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталды.
Облыс басшылығы «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбының қызметімен және мектеп парламенттерінің бастамаларымен танысты.
Оқушылар мектептегі ортаны, жастардың қоғам өміріне белсенді қатысуын дамытуға бағытталған өз жобаларын ұсынды.
Осындай жобалардың бірі ретінде мектептегі қақтығыстарды шешудің баламалы тәсілі ретінде медиацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бастама жоғары бағаланып, оны облыстың барлық мектептерінде белсенді қолданудың маңыздылығы атап өтілді.
Шараның басты оқиғасы Орал қаласы мектептерінің президеттері мен парламенттердің өкілдерімен кездесу болды.
Кездесу барысында оқушылар сұрақтарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті және заңдылық пен тәртіпті нығайтудағы жастардың рөлін талқылады.
Облыс прокуроры заңдылықты сақтауға, өзінің іс-әрекетіне және қоршаған қоғамға жауапкершілікпен қарау жас кезден бастап қалыптасатынын атап өтті.
Сонымен қатар, прокуратура бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Комек Stop Bullying», «Түсті маршрут», «Қауіпсіз өңір», «Балаларды бірге қорғайық» атты жобалар туралы атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша ең белсенді оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара Орал қаласының 54 мектебінің президенттері және парламенті қатысушыларын біріктірді.