Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы мен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Иван Степановичті үйіне арнайы барып, туған күнімен құттықтап, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік жолы мен прокуратура органдарындағы көпжылдық мінсіз қызметі үшін зор алғыстарын білдірді.
Кездесу барысында ардагерге Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың және прокуратура органдары ардагерлері қоғамының төрағасы Әсет Әділханның атынан жылы лебіздер мен ізгі тілектер жеткізілді.
Құттықтауларда Иван Степановичтің өмір жолы, ерлігі, парызға адалдығы, принципшілдігі мен әділеттілік идеалдарына беріктігі прокуратура органдарының қазіргі және болашақ буын қызметкерлері үшін шынайы патриотизмнің үлгісі әрі адамгершілік бағдар екені ерекше атап өтілді.
Облыс басшылығы Иван Степановичтің Отанды қорғау мен заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі ерекше құрмет пен ризашылыққа лайық екенін атап өтіп, ардагерлерге қамқорлық көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
Кездесу соңында ардагерге естелік сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер білдірілді.