Ағымдағы жылдың 29–30 қаңтарында облыс орталығында және барлық аудандарында құқық қорғау және мемлекеттік органдар басшылығының қатысуымен кезекті «Халық заңгері» әлеуметтік-құқықтық акциясы өткізілді.
Іс-шара халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтарға білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталды.
Азаматтарды жеке қабылдау барысында өтініштердің едәуір бөлігі жедел түрде, сол жерде шешімін тапты.
Тұрғындардың негізгі өтініштері әлеуметтік төлемдерді тағайындау және қайта есептеу, жер заңнамасының нормаларын қолдану, алимент берешегін өндіріп алу, сот актілерін орындау, сондай-ақ еңбек және тұрғын үй құқықтарының сақталуына қатысты болды.
Акция аясында халықтың құқықтық сауаттылығы мен хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық буклеттер таратылды.
Сонымен қатар, прокуратура қызметкерлері қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге барып, тұрғындарды жеке қабылдап, оларды толғандырған құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме берді.
Сондай-ақ, өтініштердің бірін қарау барысында этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының аумағынан заңсыз шығарылғаны анықталды. Оған бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мәселесінде көмек көрсетілді.
Барлық өтініш білдірген азаматтарға жан-жақты түсініктемелер берілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер бойынша жазбаша арыздар қабылданып, олар заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болады.
«Халық заңгері» акциясы халықты құқықтық ағарту ісінің тиімді құралы болып табылады, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді және алдағы уақытта тұрақты негізде өткізілетін болады.