8 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» тақырыбында форум өтті.
Іс-шара барысында өңірдегі қылмыстық ахуалдың қазіргі жай-күйі, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық және превентивтік шаралар кешені қаралды.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ляззат Рысбекова, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Сонымен қатар талқылауға жастар қауымдастығының өкілдері, ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының, гипермаркеттердің басшылары және өзге де кәсіпкерлік субъектілері тартылды.
Форумға қатысушыларға Жедел басқару орталығының жұмыс істеу тетігі, фото және бейнебақылау жүйелері көрнекі түрде көрсетіліп, олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алудағы практикалық қолдану бағыттары түсіндірілді.
Іс-шара аясында «IT Group Kazakhstan» ЖШС директоры Михаил Дудниченков тұлғаларды және автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тану функцияларын қамтамасыз ететін заманауи «ақылды» камералардың мүмкіндіктерін таныстырды.
Талқылау барысында форумға қатысушылар өңірдегі криминогендік жағдайға қатысты өзекті мәселелерді қарастырып, оларды шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірледі.
2025 жылы қол жеткізілген оң нәтижелерді ескере отырып, облыс прокуратурасы ұйымдастырған форумның қорытындысы бойынша «Қауіпсіз өңір» жобасын 2026 жылға дейін ұзарту және қылмыс деңгейін төмендетуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерінің алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар кешенін кеңейту туралы шешім қабылданды.