Батыс Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының бірқатары заң талаптарына сәйкес келмейді. 147 полигонның ішінде тек 22 рұқсат құжаттары рәсімделген. Қалған 125 нысанның жер учаскелеріне ғана құжаттары бар. Бұл қалдықтар айналымын басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді.
Нақты шараларды айқындау үшін 2 желтоқсан күні облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен облыс прокуратурасының алқа отырысы өтті. Алқа алаңында полигондардың заң талаптарына сәйкес келмеу себептері, сондай-ақ жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың қызметіндегі кемшіліктер жан-жақты қарастырылды.
Талқылауды жалғастыру шеңберінде мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Таза Қазақстан» бастамасының аясында әзірленген «Тазалық – болашақтың кепілі» жобасын таныстырды. Жоба қалдықтарды жинаудың, сұрыптаудың және қайта өңдеудің заманауи әрі қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл экологиялық жағдайды жақсартудың негізіне айналуы тиіс.
Жобаның негізгі құралдарының бірі – бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллектті енгізу. Мұндай тәсіл қалдықтарды белгіленбеген жерлерге заңсыз тастау фактілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Камералардан алынған материалдар құқық бұзушыларды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін жедел түрде полицияға жолданатын болады.
Сондай-ақ, кәсіпкер Асхат Рамазанов қалдықтарды қабылдау және қайта өңдеу бойынша өзінің тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, кәсіпорынға қалдық өткізіп отырған азаматтарға ақшалай төлем берілетіні атап өтілді, бұл қалдықтарды бөлек жинау мәдениетінің дамуына серпін береді.
Қорытындылай келе, алқа қоршаған ортаның ластануын азайтуға, қалдықтарды басқару тиімділігін арттыруға және өңірде «Таза Қазақстан» қағидатын одан әрі ілгерілетуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылдады.