«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Орал қаласы прокуратурасының бастамасымен пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сотталғандардың қатысуымен ашық сот отырыстарын өткізу тәжірибесі жалғасуда.
Осындай сот отырыстарының бірінде жазаны өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған (тіркеуге келмеген, түнгі уақытта тұрғылықты жерінде бірнеше рет болмаған) және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған есептегі тұлғаға қатысты пробация қызметінің ұсынуы қаралды.
Қарау нәтижесінде сот жазаны ауыстыру туралы шешім қабылдап, сотталған адам нақты мерзімін өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді.
Судья мен прокурор қатысушыларға жазаны өтеу тәртібін сақтау мен үкімді орындаудағы жеке жауапкершіліктің маңыздылығын еске салды.
Жалпы, биыл Орал қаласы бойынша бұрын шартты жазаға және бостандығын шектеуге сотталған 68 адам жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзғаны үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.