Басты мақсат – балалардың қауіпсіздігі

Басты мақсат – балалардың қауіпсіздігі

Батыс Қазақстан облысының мектептерінде прокуратураның инновациялық жобалары – «Көмек Stop Bullying» және «Түсті маршрут» жүзеге асырылуда.

         Бұл бастамалар буллингтің, агрессияның алдын алуға және қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыруға бағытталған.

         Аталған жобалар аясындағы кезекті кездесу Бәйтерек ауданында өтті.

         Қ. Аманжолов атындағы мектеп базасында облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының, білім беру және полиция органдарының өкілдерінің, ата-аналар комитетінің мүшелерінің және жоғарғы сынып оқушыларының қатысуымен ата-аналар жиналысы өткізілді.

         Кездесуде құқықтық тәрбиелеу, отбасылық амандық, интернетке тәуелділік және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды. Әсіресе мектеп, ата-ана және мемлекеттің бірлескен күш-жігері балаларда жауапкершілік пен құрметтеу сезімін қалыптастыруға қалай ықпал ететініне ерекше назар аударылды.

         Жасанды интеллект элементтерін қолдануға негізделген бұл жобалар оқушыларға психологиялық қиындықтарды еңсеруге көмектесіп, мектеп ортасында өзара көмек пен сенім мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

         Бүгінгі күні бұл жобалар бойынша кездесулер өңірдің 40 мектебінде өткізіліп, 3 000-нан астам ата-ана мен оқушы қамтылды. Алынған нәтижелер қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылық пен оң пікірге ие болды.

         Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда – жобаларды облыстың барлық мектептеріне прокуратура, әкімдіктер және құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен енгізу жоспарлануда.