Үйлестіру кеңесте жол-көлік қауіпсіздігі талқыланды

Үйлестіру кеңесте жол-көлік қауіпсіздігі талқыланды

Батыс Қазақстан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Өңірде жол-көлік оқиғалары 10%-ға, ал зардап шеккендер саны 15%-ға артты.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың барлық түрлерінің 75%-ы Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен байланысты.

«Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын әзірлеу мақсатында          2025 жылғы 21 қазанда Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен және облыс әкімі Нариман  Төреғалиевтың қатысуымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігінің негізгі мәселелері қаралып, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы кемшіліктер атап өтілді.

Талқылау қорытындысы бойынша жолдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жасанды интеллектті енгізу туралы шешім қабылданды. Жүйені бейнебақылау камераларына қосу жоспарланып отыр, бұл құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге және көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді.

Шектеулі көрінетін жағдайда (түнгі мезгілде, ымыртта) ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының артуына байланысты ірі қара мал мен жылқыларды жарық шағылыстырғыш элементтермен (жапсырмалар, бояу, жануарларға қауіпсіз спрейлер және мойынбаулар) жабдықтау ұсынылды. Мұндай шаралар қала сыртындағы трассаларда жиі болатын апаттардың алдын алуға бағытталған.

Бұдан басқа, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді жүйелеу және оларды жол картасы аясында кезең-кезеңімен шешу, сондай-ақ жолаушылардың өміріне қауіп төндірген қоғамдық көлік жүргізушілерінің «қара тізімін» қалыптастыру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, апат жиі орын алатын учаскелерде қосымша бағдаршамдар орнату, жарықтандыру, интеллектуалды тораптар құру және тротуарлар салу мәселесін пысықтау тапсырылды.