Инвестициялар – қағаздағы сандар мен жобалар ғана емес. Бұл жаңа өндірістер, жұмыс орындары және бюджетке түсетін салықтар.
Олар ел дамуының негізгі көзі, сондай-ақ тұрақты экономикалық өсу мен халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етудің негізі болып табылады.
Сондықтан да Мемлекет басшысы прокуратураға инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және оларды бюрократиялық кедергілерден қорғау бойынша арнайы - миссиясын жүктеді.
Батыс Қазақстан облысында инвестор («СпецСтройСервис» ЖШС) 75 млрд теңгеге цемент зауытын салу және 60 жұмыс орнын құру жобасын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болды.
Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының Жер қатынастары басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) болашақ зауыттың жұмысына қажетті бор, саз шикізаты мен опока өндіруге арналған жер телімін жалға беру шартын бұзу туралы сотқа талап арыз берді.
Жағдайды шешу үшін облыстық прокуратура Фронт-офис отырысын өткізіп, нәтижесінде талап арыз кері қайтарып алынды.
Алайда, бір жылдан кейін жағдай қайталанып, Басқарма жалдау шартын біржақты тәртіппен бұзды. Сот бұл әрекеттерді қолдап, сол арқылы жобаның жүзеге асуына қауіп төндірді.
Облыстық прокуратураның наразылығымен сот актісі жойылып, іс жаңадан қарауға жіберілді.
Нәтижесінде, соттың 2025 жылғы 29 тамыздағы шешімімен Басқарманың жалдау шартын бұзу жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылды.
Бұл инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Қабылданған шаралардың арқасында инвестор бүгінге дейін қытайлық серіктесімен 100 миллион доллар сомасында келісімге отырды, бұл инвестициялық жобаны жүзеге асыруға және жалпы Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсартуға оң әсер етеді.