«Отбасы құндылықтары — болашақтың негізі»

«Отбасы құндылықтары — болашақтың негізі»

 «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде, Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаевтың бастамасымен Талдықорған қаласының тұрғындарымен аталған мәселелер бойынша белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызын шақыра отырып, кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты — отбасы құндылықтарын насихаттау және осы бағытта қоғамның белсенділігін арттыру арқылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.

Кездесуге жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар комитеттерінің өкілдері мен жастар қатысты.

Кездесу барысында спикерлер отбасы тәрбиесі, ұлттық дәстүрлер туралы терең ойларымен бөлісіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамға, әсіресе балалардың психологиялық жағдайы мен болашағына тигізетін теріс әсерін атап өтті.

Сондай-ақ, кездесуде заманауи ақпараттық технологиялардың балаларды тәрбиелеуге әсері, ажырасулар санының артуы және бала тәрбиесіндегі басқа да олқылықтар талқыланды.

Мысалы, соңғы екі жылда облыста 2,5 мыңнан астам отбасы ажырасқан.

2024 жылы облыс бойынша 100-ден астам адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды, олардың 57%-ы оқиға кезінде алкогольді мас күйінде болған.

Облыс прокуратурасы органдары уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру арқылы құқық бұзушылықтың осы түрінің алдын алу шараларын қабылдауда.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері Үйлестіру кеңесінде және ведомствоаралық кеңестерде бірнеше рет қаралды.

Бұл кездесудің маңыздылығы тек ақпарат беруде ғана емес, сонымен бірге қоғамдық сананы ынталандырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлеуметтік-құқықтық салдарын түсіндіре отырып, заңға бағынатын мінез-құлық қажеттілігін қалыптастыруға бағытталған.