Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев өңірдің инвесторлары және кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.
Іс-шараға «Атамекен» ҰКП, инвесторлар және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуы болды. Атап айтқанда, негізсіз тексерулер, әкімшілік кедергілер мен бизнестің қызметіне заңсыз араласу мәселелері талқыланды.
Прокурор «прокурорлық сүзгі» бойынша (Кәсіпкерлік кодексіне, Азаматтық процестік кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген) жаңа түзетулерді түсіндірді. Бұл өзгерістер инвесторларға қатысты шешімдерді (инвесторлар тізіліміне енгізілгендер) прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді.
Аталған жаңашылдықтар өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Биыл прокурормен келісілмеген заңсыз бес тексеру анықталды.
«Барлық заңсыз актілердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды», – деп атап өтті Мадияр Басшыбаев.
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға тиісті жауаптар берілді.