«Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттерімен кездесті.
Кездесу ашық пікірталас форматында өтіп, студенттерге есірткі, лудомания, буллинг, киберқылмыс және алаяқтық сияқты құқық бұзушылықтардың қаупі мен олардың ауыр салдары туралы түсіндірілді. Тақырыпты тереңірек ашу мақсатында арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Прокурор прокуратура органдарына жұмысқа орналасу тәртібі, тағылымдамадан өту, конкурстық іріктеу кезеңдері, кандидаттарға қойылатын талаптар мен мансаптық өсу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, құқық қорғау саласындағы заманауи технологиялардың рөлі мен киберқауіпсіздік бағытында IT-мамандарға деген сұраныстың артуына ерекше назар аударды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында студенттерге жастарды жұмыспен қамту, кәсіби даму және біліктілікті арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламалары таныстырылды.
Кездесу соңында облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев құқықтық білімнің түлектерге түрлі салаларда өзін сәтті жүзеге асыруға көмектесетініне сенім білдірді.
Құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында Жетісу облысының прокуратурасы мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті арасында мерзімсіз екіжақты ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.