Жетісу облысында 30 мың гектарға жуық пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды

Жетісу облысында 30 мың гектарға жуық пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылды

Жетісу облысының Қаратал ауданында прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде жалпы аумағы 30 мың гектарға жуық жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың кадастрлық құны 44 млн теңгені құрайды.

Қаратал ауданының прокуратурасымен жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде бұған дейін жер пайдаланушыларына берілген жер учаскілері ұзақ уақыт тиісті мақсатта пайдаланылмағаны және осыған байланысты жер заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды.

Уәкілетті органға енгізілген қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша пайдаланылмай жатқан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару – жер ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етудің және жер учаскелеріне шын мәнінде мұқтаж азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың маңызды шарасы. Қайтарылған жерлерді шаруашылық айналымына тарту ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қосымша мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта аталған жер учаскелері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес конкурс негізінде халық пен кәсіпкерлер арасында қайта бөлінетін болады.

Жетісу облысының прокуратурасы жер қатынастары саласында заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, жер заңнамасының бұзушылықтарын жою және мұндай жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар одан әрі жалғастырылатын болады.