Жетісу облысында жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырушы сотталды

Жетісу облысында жасырын есірткі зертханасын ұйымдастырушы сотталды

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Шығыс Қазақстан облысының тұрғынына қатысты айыптау үкімі шығарылды. Ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз дайындағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталған азамат 2025 жылы «Telegram» мессенджері арқылы байланыста болған адамдардың ұсынысымен Талдықорған қаласына келіп, жеке үйді жалға алған және онда мефедрон дайындайтын жасырын зертхана ұйымдастырған.

Тінту барысында 4,5 килограмнан астам мефедрон анықталып, тәркіленді.

Жасалған аса ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жетісу облысының прокуратурасы есірткі заттарын дайындаумен, өткізу мақсатында сақтаумен  келген «жеңіл ақша» ауыр зардаптарға әкелетінін ескертеді. Мұндай әрекеттер аса ауыр қылмыс болып табылады және ол үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.