Жетісу облысының прокуратурасы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кеткен және ел азаматтығын сақтап қалған азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғау бойынша шараларды жүзеге асыруда. Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының №79 нормативтік қаулысында баяндалған құқықтық ұстанымды ескере отырып жүргізілуде.
Аталған жұмыс шеңберінде облыс прокуратурасы Қазақстан Республикасының азаматтығын сақтағанына қарамастан, ел аумағынан тыс жерге кетуіне байланысты тоқтатылған Көксу ауданы тұрғынының зейнетақы төлемдерін қалпына келтірді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде зейнетақы төлемдері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қайта басталды. Төлемдер тоқтатылған кезең үшін азаматқа толық көлемде төленуге тиіс 2,3млн теңгеден астам сома есептелді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының №79 нормативтік қаулысына сәйкес, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматына, егер ол заңда белгіленген өзге де талаптарды сақтаған болса, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру туралы талап қойылмайды.
Жетісу облысының прокуратурасы осындай жағдайларды анықтау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шараларды қабылдауды жалғастыруда. Аталған жұмыс заңнаманы біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге және азаматтардың жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандырылуға конституциялық құқығын негізсіз шектеуге жол бермеуге бағытталған.