Жетісу облысының прокуратурасы газ қызметі үшін заңсыз есептеулердің жолын кесті

Жетісу облысының прокуратурасы газ қызметі үшін заңсыз есептеулердің жолын кесті

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау – Жетісу облысы прокуратурасының органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Талдықорған қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында «РЦКУ-Талдықорған» ЖШС-ның қызметінде халыққа қызмет көрсету кезінде заңнаманы жүйелі түрде бұзу фактілері анықталды.

Талдау нәтижесі сервистік компанияның үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жұмыстары нақты орындалмағанына қарамастан, ол үшін төлемді жүйелі түрде есептеп отырғанын көрсетті. Көрсетілмеген қызметтерді жасыру және өз әрекеттеріне заңдылық сипат беру мақсатында серіктестік қызметкерлері ішкі құжаттаманы бұрмалап, қала тұрғындарының атына жалған орындалған жұмыстар актілерін рәсімдеген.

Талдау қорытындысы бойынша енгізілген қадағалау актісін орындау аясында нақты көрсетілмеген қызметтер үшін 6 000 тұтынушыға есептелген төлемдер жойылды, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Жетісу облысының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және әлеуметтік маңызы бар салалардағы заң бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы қадағалау жұмысын жалғастырады.