22.05.2026ж. лудоманияның алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара барысында құмар ойындарға тәуелділіктің қоғамға әсері және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері (оның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі және Мәдениет және ақпарат министрлігі), сондай-ақ Швеция мен Швейцариядан келген жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Бұл талқыланған мәселелердің жоғары деңгейі мен практикалық маңыздылығын айқындады.
Шара аясында Жетісу облысы прокурорының міндетін атқарушы Ержан Мұхаметқалиұлы сөз сөйлеп, лудоманияның қоғам тұрақтылығына, отбасылардың әл-ауқатына және жастардың болашағына әсер ететін елеулі әлеуметтік қауіп екенін атап өтті.
Сонымен қатар, прокуратура органдары заңсыз онлайн-казинолар мен букмекерлік ресурстардың қызметін анықтау және жолын кесу, заңсыз интернет-контентті бұғаттау, құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп отырғаны айтылды. Ерекше назар жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ойын тәуелділігінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарына аударылуда.
Конференция барысында лудоманияның құқықтық, әлеуметтік және психологиялық аспектілері, сондай-ақ мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды. Қатысушылар бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғамның бірлескен іс-қимылы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.
Жетісу облысының прокуратурасы алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау, заңдылықты нығайту және лудоманияның алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.