Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов өңірдегі су тасқынының алдын алу жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен бірге мониторинг жүргізді.
Бұл ағымдағы жылдың 5 наурызында облыс прокурорының төрағалығымен өткен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындықты қамтамасыз ету бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шараларының жай-күйі мәселесі туралы Үйлестіру кеңесінде бекітілген іс-шаралардың орындалуын бақылаудың кезекті кезеңі болды.
Бұған дейін отырыста уәкілетті органдардың есептері тыңдалып, басым міндеттер айқындалған, сондай-ақ қауіп-қатерлердің алдын алу мен ықтимал залалды азайту бойынша нақты тапсырмалар берілген болатын. Тексеру жұмыстары аталған тапсырмалардың жергілікті жерлердегі орындалу сапасы мен толықтығын тікелей бағалауға мүмкіндік берді.
Мониторинг барысында Қаратал, Көксу, Кескентерек өзендерінің алаптары, сондай-ақ Ескелді және Кербұлақ аудандарының таулы алқаптары тексерілді. Басты назар бөгеттер мен дамбаларды нығайтуды, сондай-ақ аса қауіпті нүктелердегі өзен арналарын тазалауды қоса алғанда, негізгі қорғаныс іс-шараларына аударылды.
Тексеріс мемлекеттік органдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын көрсетті.
Жетісу облысының прокуратурасы су тасқыны кезеңінде заңдылықтың кепілі болуды және барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруді жалғастыруда. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымның табиғи сынақтарға дайындығы мәселелері облыс прокурорының жеке бақылауында.