Жетісу облысының прокуратурасы қызметкерлердің конституциялық құқықтарын қорғауға және еңбек заңнамасының сақталуына ерекше көңіл бөледі.
Панфилов ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында аудандық білім бөлімі тарапынан мұғалімдердің іссапар шығындары бойынша 72 млн теңге сомасында берешекке жол берілгені анықталды.
Өтемақылардың уақтылы төленуі азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етудің міндетті шарты екенін ескере отырып, аудан прокуратурасымен уәкілетті органның атына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде аталған берешек толықтай өтелді. 492 педагог тиісті төлемдерін толық көлемде алды.
Білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыты болып қала береді. Жетісу облысының прокуратурасы жұмысшылар алдындағы барлық әлеуметтік кепілдіктердің уақтылы орындалуы бөлігінде еңбек заңнамасы нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.