Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Жетісу облысының прокуратурасының тұрақты бақылауында тұр. Қадағалау қызметі барысында білім беру ұйымдарында қауіпті қалдықтарды өңдеу және сақтау бойынша санитарлық талаптардың бұзылуы анықталып, олар жойылды.
Ақсу ауданының прокуратурасы жүргізген талдау барысында қолданылған құрамында сына бар шамдарды сақтау кезінде заңнамалық талаптардың сақталмағаны анықталды. Ауданның кейбір мектептері мен мемлекеттік балабақшаларында мыңнан астам қолданылған шамдар ұзақ уақыт бойы жертөлелер мен қоймаларда, қауіпті қалдықтарды сақтау үшін белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жерлерде сақталған.
Санитарлық ережелерде мұндай шамдарды оқшауланған жерде сақтау және арнайы утилизациялау міндетті екені белгіленген. Бұл талаптардың сақталмауы балалар мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндірген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған бұзушылықтар толығымен жойылды, қауіпті қалдықтар белгіленген тәртіппен шығарылып, утилизацияланды. Осы шаралардың нәтижесінде 5 мыңнан астам адамның, оның ішінде 4 мыңнан астам оқушы мен 700-ден астам қызметкердің құқықтары қорғалды.
Жетісу облысының прокуратурасы оқыту мен тәрбиелеу процесінің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмысын жалғастыра береді.