Талдықорған қаласының кинотеатрларында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған арнайы бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Аталған бастама Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен жүзеге асырылып, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жолдардағы жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған. Әлеуметтік бейнематериалдар киносеанстар басталар алдында көрсетіліп, көрермендердің назарын жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне аударуға мүмкіндік береді.
Бейнероликтерде азаматтарға жолдағы қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі талаптары түсіндіріледі: белгіленген жылдамдықты асырмау, мас күйінде көлік басқармау, рөлде отырып ұялы телефон пайдаланбау, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу қажеттігі. Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің сақтығы мен жол қозғалысы қағидаларын сақтау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылады.
Жетісу облысының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – қадағалау қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтеді.