Жетісу облысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаевтың, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылау және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды.
Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Өңір прокуратурасы кәсіпкерлік саласында заңдылықтың сақталуына жүйелі түрде қадағалау жүргізіп, бизнес қызметіне заңсыз араласу, негізсіз тексерулер мен әкімшілік қысым көрсету фактілеріне жедел әрекет етуде.
«Прокурорлық сүзгі» шеңберінде барлық мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан келетін тексерулер мен сұраулар кәсіпкерлік қызметке ықпал ету тұрғысынан алдын ала қаралады. Егер заңсыздық немесе әкімшілік қысым фактілері анықталса, прокуратура дереу шаралар қолданады: тексерулер тоқтатылады, құқық бұзушылықтар жойылады, жауапты тұлғаларға заң талаптары ескертулі түрде жеткізіледі. Бұл жүйелі бақылау кәсіпкерлерге сенімді құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында Қанат Шарлапаев елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы қоғамдық-саяси өзгерістер мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар, Конституциялық өзгерістерді қолдауға арналған референдум отанымыздың қарқынды дамуы үшін маңызды қадам екенін жеткізді. Кәсіпкерлер қолдап, реформалардың бизнеске жайлы жағдайды қалыптастыру үшін маңыздылығын да атады.
Ашық диалог барысында кәсіпкерлер жер пайдалану мәселелері, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, салықтық реттеу, жекелеген тексерулердің заңдылығы және ішкі туризмді дамыту мәселелерін көтерді. Прокурор кәсіпкерлердің сұрақтарына нақты жауаптар беріп, олардың құқықтарын қорғау және кәсіпкерлік саласында заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын үнемі жалғастыратынына назар аударды.