
Жетісу облысы прокуратурасында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға, мемлекеттік институттарға құрмет қалыптастыруға бағытталған бірыңғай «Ашық есік күні» өтті.
Іс-шараның мақсаты прокуратура органдарының қызметімен таныстыру, заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы прокуратураның рөлін түсіндіру, сондай-ақ жастардың құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру болды.
Іс-шараға облыс прокуроры жеке қатысып, өз сөзінде құқықтық мемлекеттің іргелі құндылықтарының маңыздылығын және жастардың қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтті.
Қатысушыларға прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттары, прокурорлық қадағалау мәселелері, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары түсіндірілді. Сонымен қатар прокуратура органдарына қызметке қабылдау тәртібі және Құқық қорғау органдары академиясында оқу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
«Ашық есік күнін» өткізу Жетісу облысы прокуратурасының заңдылық қағидаттарын нығайтуға және қоғамның прокуратура органдарына деген сенімін арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
#ЗаңменТәртіп