Бүгін Талдықорған қаласындағы №30 мектепте «Болашақ прокурорлар клубы» жобасының ашылуы аясында қонақ дәрісі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Кадр жұмысы департаменті басқармасының бастығы Ернұр Уәли, облыс прокуратурасының басшылығы, Білім басқармасы, педагогикалық ұжым және оқушылар қатысты.
Жобаның мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру, сондай-ақ прокурор мамандығына қатысты қажетті мәліметтермен танысу мүмкіндігін беру.
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында алдағы уақытта прокуратура қызметкерлері мен ардагерлерімен кездесулер, құқықтық тақырыптағы диалогтық алаңдар, білім сайыстары, экскурсиялар және басқа да тәрбиелік шаралар өткізу жоспарлануда.
Клуб жұмысы сабақтан тыс уақытта мектеп, прокуратура және өзге де мүдделі өкілдердің қатысуымен жүргізіледі.
Клубта прокуратура тарихы, белгілі заңгерлер мен көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі, құқықтанудың өзекті мәселелері, прокурорлардың қадағалау қызметіне қатысты кітаптар мен журналдар қойылған арнайы бұрыш ашылды.
«Болашақ прокурорлар клубы» Жетісу өңірінде алғаш рет ашылып отыр, алдағы уақытта бұл жоба басқа мектептермен бірлесе жүзеге асырылмақ.
Іс-шара барысында болашақ өмірін прокуратура органдарымен байланыстыруды қалаған оқушыларға жақсы білім алудың, жоғары оқу орындарында оқуды жалғастырудың маңызы түсіндірілді.
Әсіресе, оқушыларға зиянды әдеттерден аулақ болу, адами және имандылық қасиеттерді сақтау, «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын ұстану қажеттігі ерекше атап өтілді.
Іс-шара мазмұнды, қызықты әрі нәтижелі өтті, прокуратура өкілдері оқушыларды толғандырған барлық сұрақтарға жауап берді.