Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы прокуратура органдары қызметкерлері арасында республикалық марафон ұйымдастырылды. Спорттық шара тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды тарихи құжаттардың бірі – Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналды.
Орталық аппарат өкілі Бас Прокурор Берік Асыловтың құттықтау хатын оқып, бұл іс-шара ерлік, отансүйгіштік, салауатты өмір салты мен ұрпақтар сабақтастығы қағидаттарын бейнелейтінін, сондай-ақ «Адал азамат» ұстанымының негізінде жатқан адалдық пен әділеттілік құндылықтарын көрсететінін атап өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушыларға құттықтау сөзін Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев арнап, Декларацияның қабылдануы мемлекетіміздің нығаюындағы маңызды қадам болғанын атап өтіп, оның құндылықтары бүгінгі күні де бүкіл қоғам үшін бағдар болып отырғанын жеткізді.
«Бүгінгі марафон – бұл біздің бірлігіміздің, салауатты өмір салтына ұмтылысымыздың және тарихқа деген құрметіміздің көрінісі. Прокуратура қызметкерлері заңға қызмет етуде де, жеке дамуда да үлгі болуы тиіс», – деді облыс прокуроры.
Марафон достық пен бірлік рухында өтіп, денсаулықты нығайтуға, командалық рух пен корпоративтік құндылықтарды дамытуға ықпал етті.
Қыздар арасында бірінші орынды Бас әскери прокуратураның өкілі Мөлдір Сейітханова, екінші Ақмола облысы прокуратурасының қызметкері Ақтолқын Темірқұлова, үшінші орынды Алматы қаласы прокуратурасының өкілі Мөлдір Кәнісова иеленді.
Ерлер арасындағы жекелей жарыста Қызылорда облысы прокуратурасының қызметкері Мейіржан Тұрғанбекұлы жеңімпаз атанды, Ақмола облысы прокуратурасының өкілі Ерлан Баймурзин екінші, Бас әскери прокуратураның қызметкері Жанат Шыңғысов үшінші орынға ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша Бас әскери прокуратураның командасы жеңіске жетті, 2-орын – Ақмола облысының прокуратурасы, 3-орын – Алматы қаласының прокуратурасы.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Марафонның өтуі Қазақстан Республикасы прокуратура органдары – заңды қорғаушылар ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтының, азаматтық бірліктің идеяларын белсенді қолдайтын және әрдайым «Адал азамат» пен «Заң мен Тәртіп» қағидаттарына берік ұйым екенін айқын көрсетті.