
Өңірде облыс прокуратурасының бастамасымен инвесторлар мен бизнес құқықтарын қорғау форумы өтті.
Кездесуге облыс әкімі, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, бизнес қауымдастығының өкілдері және инвесторлар қатысты.
Форум 2024 жылдың жұмысын қорытындылауға және кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды платформа болды.
Сондай-ақ, ол бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы конструктивті диалогты нығайтуға, жаңа бастамалар мен шешімдерге ықпал етті.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бизнестің құқықтарын қорғаудың өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, инвесторлар жаңа жұмыс орындарын құру мен жергілікті экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда негізгі рөл атқаратынын айтты.
Өз кезегінде, өткен жылы прокурорлар қадағалау және үйлестіру шараларымен өз бастамаларын жүзеге асыру барысында түрлі қиындықтарға тап болған 21 инвестордың мәселелерін шешті.
«Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында 8 орта және ірі бизнес субъектісі заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартудан және негізсіз салық тексерулерден қорғалды.
2024 жылы прокурорлар 4 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтарын қорғады, 44 лауазымды адамды тәртіптік жауапкершілікке тартты және бизнес субъектілерінің 5 жүйелі мәселесін шешті.
Прокуратураның табысты жұмысының мысалдарының бірі — облыстың 45 кәсіпкерінен 3 млрд теңгеден астам заңсыз өндірілген салықты кері бизнес субъектілерінің есеп шотына қайтару болды.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров биыл 3 трлн теңгеден астам инвестицияларды көздейтін 80 инвестициялық жобаның прокурорлардың ерекше бақылауында болатынын атап өтті.
Бұл инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге және жобаларды жүзеге асыру кезеңінде тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
Форумның қорытындысы бойынша өңірлік «Атамекен» ҰҚП базасында бизнестің проблемалық мәселелерінің біріккен реестрін құру туралы шешім қабылданды, бұл кәсіпкерлердің сұрақтарын жүйелендіруге және тиімді шешімдер табуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар өңірдегі бизнес субъектілерінің өзекті мәселелерін шешу бойынша ұсыныстарды қолдады.
Жамбыл облысының прокуратурасы