Жамбыл облысының прокуратурасы интернет-алаяқтықпен күресуге арналған телеграм-ботты іске қосты

Жамбыл облысының прокуратурасы интернет-алаяқтықпен күресуге арналған телеграм-ботты іске қосты

Соңғы жылдары интернет алаяқтық азаматтар мен құқық қорғау органдарының алдында тұрған ең өзекті мәселелердің біріне айналды.

Ағымдағы жылы Жамбыл облысында жалпы алаяқтық дерегі 7,3%-ға төмендеуі байқалады, алайда интернет-алаяқтықтың саны 30,1%-ға артты.

Интернет-алаяқтықтың негізгі әдістеріне: жеке ақпаратқа қол жеткізу, қызмет көрсету туралы хабарландыруларды орналастыру, жалған тауарларды сату және банктерден жалған хабарламалар жіберу жатады.

Осыған байланысты облыс прокуратурасы интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бойынша «CYBER SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботын ұсынды.

Жоба Жамбыл облысы прокуратурасының, әкімдігінің және полициясының бірлескен күш-жігері аясында құрылды.

Жаңа жобаның басты мақсаты — интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қылмыстарды ашуда өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.

Платформа қоғамдағы қылмысқа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға бағытталған. Телеграм-боттың функционалы келесі бағыттар бойынша ақпаратты жеңілдетілген тәртіпте қабылдайды:

  • интернет желісіндегі қауіпті сілтемелер;
  • алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері;
  • әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған хабарландырулар.

Пайдаланушылар деректерді бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне жылдам енгізе алады, сондай-ақ құқық қорғау органдарына басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауға көмектеседі.

Қазіргі уақытта телеграм-бот желісіне азаматтардан 48 хабарлама келіп түсті, оның 10-ы бұғатталды.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін бейнероликте ботты пайдалану бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық әзірленді, сондай-ақ қызметке жылдам қосылу үшін QR-кодты сканерлеу функциясы қосылды.

Жамбыл облысының прокуратурасы барлық азаматтарды интернет-алаяқтықпен күреске белсенді қатысуға және өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетуге шақырады.

 

 

Жамбыл облысының прокуратурасы