Жамбыл облысында алаяқтықпен күресуге қойылатын талаптар күшейтілді

Жамбыл облысында алаяқтықпен күресуге қойылатын талаптар күшейтілді

«Алаяқтардың заманауи цифрлық технологияларды пайдалануына қарамастан, оларға қарсы күрес кешенді тәсілді және бірлескен белсенді іс-қимылды талап етеді», - деп Нұрғалым Әбдіров құқық қорғау және уәкілетті органдардың, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің өкілдерінің қатысуымен өткен алқада атап өтті.

Алаяқтықтың 7,3%-ға (684-тен 634-ке дейін) төмендегеніне қарамастан, интернет-алаяқтық саны 30,1%-ға (136-дан 177-ге дейін) өскен.

Интернет-алаяқтықтың негізгі тәсілдеріне құпия ақпаратқа қол жеткізу, онлайн қызмет көрсету туралы хабарландырулар, жалған тауарларды онлайн сатып алу және жалған банктер мен ұялы байланыс операторларынан хабарландырулар кіреді.

Алаяқтыққа кез келген жастағы адамдар (20-70 жас аралығында) ұшырайтынын атап өткен жөн, алайда себептері әртүрлі болуы мүмкін.

Осыған байланысты прокурорлардың талабы бойынша Полиция департаментінің «Cyberpol» мамандандырылған тобы қызметкерлерінің жұмысын күшейту үшін оларды қосымша заманауи технологиялармен жабдықтап, IT-мамандары жұмылдырылды, бұл қылмыскерлерді әшкерелеу деңгейін арттырады.

Сондай-ақ алқа отырысында алаяқтықпен күресте тиімділіктің төмен деңгейі байқалатын аудандарда полиция басшылығының жауапкершілігін қарастыру мәселесі көтерілді. 

 

Нұрғалым Әбдіров қаржы нарығы субъектілерінің «Банктер және банктік қызмет туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» заңдардың талаптарын сақтауға шақырды.

Қазақстан Республикасының заңнамасында, егер қарыз алушылар қылмыстық істерде жәбірленуші болған жағдайда, олардың құқықтарын қорғайтын нормалар қарастырылған.

Сондықтан облыс прокуроры жәбірленуші деп танылған қарыз алушыдан тергеу уақытында берешекті өндіріп алуды және пайыздарды есептеуді уақтылы тоқтатуды талап етті.

Кеңесте банктердің өкілдеріне онлайн-кредит беру кезінде азаматтардың қауіпсіздігін арттыру ұсынылды, бұл алаяқтық жағдайларын азайтуға көмектеседі.

Мысалы, жергілікті Евразиялық банк филиалының онлайн-кредит беруден бас тартуының арқасында ағымдағы жылдың өткен кезеңінде мұндай қылмыстардың бірде-бірі тіркелмеген (2023 жылы - 4 факт).

Сонымен қатар берешекті өндіріп алуды және банктік кредит бойынша пайыздарды есептеуді тоқтататын процестерді жеделдету жөніндегі шаралар әзірленді.

 

Алаяқтық әдістерінің күрделенуі және киберқауіптердің өсуі бізден тиімді қарсы тұру үшін біріккен күш-жігерді талап етеді, - деп қорытындылады облыс прокуроры.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен екінші деңгейлі банктер арасында қаржылық қылмыстармен күрес бойынша ынтымақтастық меморандумын жасау туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта прокуратураның бастамасымен әкімдікпен және мүдделі құрылымдармен интернет-алаяқтықпен байланысты сайттар мен контентті анықтауға арналған телеграм-ботты әзірлеу жұмыстары басталды.

Алқа қорытындысы бойынша барлық уәкілетті органдарға алаяқтықпен күрес жөніндегі мекемеаралық жоспарды орындауды жалғастыру тапсырылды.

 

Жамбыл облысының прокуратурасы