Жамбыл облысының прокурорлары ерекше медициналық қызметтерге мұқтаж науқастарға жол ақысын төлеу мәселесін шешті

Жамбыл облысының прокурорлары ерекше медициналық қызметтерге мұқтаж науқастарға жол ақысын төлеу мәселесін шешті

Облыс прокуратурасы 2022 жылғы 5 қазандағы облыстық мәслихаттың №21-7 шешімімен Жамбыл облысында тұратын Қазақстан азаматтарына ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін жол жүру ұсынылғанын анықтады.

Алайда талдау нәтижелері ақшалай қаражаттарды тағайындау мен төлеу кезінде проблемалық сұрақтардың бар екендігін көрсетті.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 12-бабының 3) тармақшасын бұза отырып, мәслихат шешімінде адамдар тізбесі (мүгедектерді, балаларды алып жүретіндер және т.б.), төлеу тәртібі, жауапты орган, төлемақы түрі (авиа немесе темір жол  ақысы, санавиация қызметі) көрсетілмеген.

Азаматтарға жол ақысын төлеудің нақты тәртібінің болмағаны аталған сұрақ бойынша уәкілетті және жергілікті органдарға берілген жолданымдар мен шағымдар санының өсуіне себеп болған.

Прокурорлық қадағалау шаралары бойынша облыстық мәслихаттың жаңа шешімінің қабылдануы арқылы жоғарыда көрсетілген кемшіліктер жойылды.

 

 

Жамбыл облысының прокуратурасы