Халықтың мәселелерін жедел шешу прокурорлардың басты мақсаты

Халықтың мәселелерін жедел шешу прокурорлардың басты мақсаты
 
 
Бүгін Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Сенім маршруты» акциясы аясында Қордай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Облыс прокуроры айтқандай – акцияның басты мақсаты халықты толғандыратын мәселелерді көзбе-көз анықтап, оларды шешуге жедел шаралар қолдану.  Қайырылған бірқатар азаматтардың мәселелері облыс прокурорының жеке қатысуымен бірден шешілді.
Мысалы, Масаншы ауылының тұрғындары балалардың қауіпсіздігіне әсер ететін орта мектептің қоршауының жоқтығы туралы өтінішпен қайырылған.
Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, прокуратураның ұсынуымен әкімдік тарапынан қаражат қарастырылып, жұмыстар басталуда.
Сол сияқты, жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер Қордай ауылының орталығында орналасқан базардағы автокөлік тұрағында құрылыс нысанының соғылуы, нәтижесінде көлік кептелістерінің орын алатынына шағымданған.
Мәселе зерделеніп, азаматтарға ыңғайсыздық тудырған тұрақтың жерінен бөлу туралы актіні бұзу туралы шешім қабылданды.
Ескеріп кету қажет, алдын «Сенім маршруты» акциясы аясында «Актас Кордай» ЖШС-нің 250-ден астам пай үлескерлерінің 7 жылдық мәселесі өз шешімін тапты, білім және денсаулық сақтау саласындағы 6,5 мыңнан астам қызметкерлердің еңбек құқықтары қорғалды, бизнес субъектілеріне заңсыз қысым көрсету фактілері тоқтатылды.      
Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі