Прокурорлардың қадағалау қызметі қорытындыланды

Прокурорлардың қадағалау қызметі қорытындыланды

16.04.2021 жылы Жамбыл облысының прокуроры Н.М. Әбдіровтың төрағалығымен облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысы өтті, онда ағымдағы жылдың 1-тоқсанындағы жұмыс қорытындысы қаралып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Отырыста жоғары тұрған прокуратураның тапсырмаларын орындау мәселелері, негізгі басым бағыттар бойынша қадағалау қызметінің нәтижелері талқыланды, алдағы кезеңде заңдылықты қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндеттер айқындалды.

Облыс прокуроры дағдарысқа қарсы қаражатты жұмсау заңдылығын қамтамасыз ету – қызметтің маңызды саласы екенін атап өтті.

Сотқа дейінгі тергеулердің заңдылығын қадағалауды тиісінше жүзеге асыру, оның ішінде тіркелген кезден бастап істерді дұрыс саралау, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға бағытталған жұмысты жандандыру және күшейту, қылмыстық қол сұғушылық нәтижесінде келтірілген соманы мемлекет кірісіне қайтару міндеттері айқындалды.

Экология, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, балалардың пайдасына алименттер өндіру, интернет-алаяқтықтың өсуі мәселелері айтылды.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және тиісінше қарау мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу барысы туралы мәселе қозғалды.

Прокурорлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды, Мемлекеттік қызметкерлердің этикалық кодексін, сонымен қатар, құқық қорғау органдарындағы қызметте болғанда шектеу шаралары бойынша өздеріне алған міндеттемелерін сақтауға бағдарланды.

Алқа жұмысының қорытындысы бойынша облыс прокуроры қадағалау қызметіндегі жекелеген кемшіліктерді атап өтіп, Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға бағытталған пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.