
Жамбыл облысының Талас ауданында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаражатқа екі әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталып, денсаулық сақтау саласындағы тағы бір ірі жоба жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Талас аудандық орталық ауруханасын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайды. Оның 2,3 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды.
Реконструкция аяқталғаннан кейін медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы едәуір жаңартылып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артады. Нәтижесінде ауданның 50 мыңнан астам тұрғыны заманауи талаптарға сай медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар, бүгінде екі әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, Ақкөл ауылында 1 800 тұрғынға қызмет көрсетуге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды.
Енді ауыл тұрғындары елді мекеннен шықпай-ақ сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмекті өз ауылында ала алады.
Сондай-ақ Қаратау ауылдық округіне қарасты Қарой ауылында су құбыры желісінің құрылысы толық аяқталды. Аталған жобаның жүзеге асуын ауыл тұрғындары 90 жыл бойы күткен болатын.
Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрады. Жоба нәтижесінде 230 ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Барлық нысандардың құрылысы мен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.
Жамбыл облысының прокуратурасы