
Биыл Мойынқұм ауданында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Соның ең маңыздыларының бірі – республикаға қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен бөлінген қаражатқа алты елді мекенді тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы.
Аталған жобаға 7 млрд теңге бөлініп, бүгінде Мойынқұм, Құмөзек, Бірлік, Биназар, Шығанақ ауылдары мен Мыңарал станциясында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде және аудан прокуратурасының бақылауында.
Жоба аясында ауыз су нысандары толық жаңғыртылып, су жинау резервуарлары тазартылуда, заманауи әрі қуатты сорғы қондырғылары орнатылып, инженерлік инфрақұрылым жаңаруда.
Бұл жұмыстар ауданның 16 мыңнан астам тұрғындарын үздіксіз, тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін аталған ауылдардың тұрғындары ауыз суды белгіленген уақытпен ғана пайдалануға мәжбүр болса, жоба толық аяқталғаннан кейін халық тәуліктің кез келген уақытында таза ауыз суға қол жеткізеді.
Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуға және әлеуметтік әл-ауқатты көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Жамбыл облысының прокуратурасы