
Азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында қайтарылған активтер есебінен Арнаулы мемлекеттік қордан Жамбыл облысының 4 ауданында орналасқан денсаулық сақтау саласының 5 нысанын салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Бүгінде оның аясында 3 нысан бойынша жұмыстар толық аяқталды.
Бұл жобалар жай ғана құрылыс нысандары емес, ең алдымен, ұзақ жылдар бойы заманауи әрі қолжетімді медициналық көмекке зәру болған шалғай елді мекен тұрғындарына мемлекет тарапынан жасалған нақты қамқорлықтың айқын көрінісіне айналды.
Мәселен, Жамбыл облысы Қордай ауданының Үлкен Сұлутөр ауылындағы Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарының тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін дәрігерлік амбулатория ұзақ жылдар бойы 1960 жылы салынған, қазіргі санитариялық, техникалық және сейсмикалық талаптарға сәйкес келмейтін бейімделген ғимаратта жұмыс істеп келді.
Аталған елді мекендер таулы әрі қатынауы қиын аумақта орналасқан және қыс мезгілінде аудан орталығына қатынау көп жағдайда мүмкін болмаған.
Ғимараттың техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз болып, медициналық көмекті қауіпсіз көрсетуге қауіп төндірген.
2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысына 62,8 млн теңге бөлінді. Нысан сол жылы пайдалануға берілді.
Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарының 2 800-ден астам тұрғыны аудан орталығына бармай-ақ, заманауи әрі қауіпсіз жағдайда сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
Жамбыл облысының прокуратурасы