Қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Алкогольсіз ауыл» бастамасы іске асырылуда.
Атап айтқанда, аудан прокуратурасының үйлестіруімен, сондай-ақ ақсақалдар мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен Абай, Базарбай және Байзақ ауылдарында алкогольдік ішімдіктерді сату толығымен тоқтатылды.
Сонымен қатар, алкоголь айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау күшейтілді. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 200-бабымен 25 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Мәселен, Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен ірі супермаркеттердің бірі тәуліктің тыйым салынған уақытында алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін кінәлі деп танылып, ӘҚбК-нің 200-бабы бойынша 432 мың теңге мөлшерінде айыппұл салып, лицензиясының қолданылуын бір ай мерзімге тоқтата отырып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Алайда, енгізілген шектеулерге қарамастан, рейдтік іс-шаралар барысында лицензия тоқтатылған кезеңде алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәсіпорын ӘҚБтК-нің 282-бабының 1-бөлігінің 7)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, лицензиядан айыра отырып, 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.
Қабылданған шаралар мас күйінде жасалған қылмыстар санының 73,4%-ға төмендеуіне ықпал етті.
Прокуратура азаматтарды алкогольдік өнімдердің айналымы саласындағы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады.
Жамбыл облысының прокуратурасы