Жамбыл облысының прокуроры ҚАЖ мекемесінің қызметімен және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Жамбыл облысының прокуроры ҚАЖ мекемесінің қызметімен және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев облыс бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №25 мекемесіне барып, сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру, өндірістік қызметті дамыту және жазаны өтеу жағдайларымен танысты.

Сапар барысында мекеменің өндірістік нысандары, оның ішінде қазіргі таңда 30 сотталған жұмыспен қамтылған «ARM SEISAN» ЖШС-нің жиһаз өндірісі қаралды.

Облыс прокуратурасының бастамасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жаңа өндірістерді іске қосу және сотталғандар үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жалпы құны 600 млн теңгеден асатын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта №25 мекеменің аумағында 8 кәсіпкерлік субъектісі өндірістік қызмет жүргізуде. Олардың жұмысының нәтижесінде еңбекке тартылуға жататын 717 сотталғанның 598-і жұмыспен қамтылып, еңбекпен қамту деңгейі 83,4%-ды құрады.

Кездесу барысында бизнес өкілдері өндірістік қуаттардың толық жүктелуіне әсер ететін тапсырыстар көлемінің жеткіліксіздігі мәселесін көтерді.

Өз кезегінде облыс прокуроры инвесторлар мен кәсіпкерлерді қолдау, өндірілген өнімнің өткізу нарықтарын кеңейту және қосымша тапсырыстар тарту мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

 

Жамбыл облысының прокуратурасы