
Жамбыл облысының прокуроры Жандос Әбдібаев өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, оларды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтады.
Кездесу барысында журналистердің қоғамды объективті ақпаратпен қамтамасыз етудегі, өзекті мәселелерді жария етудегі және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызды рөлі атап өтілді.
«Масс-медиа туралы» Заңның журналистердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, олардың мәртебесін арттыруға және отандық медиа саланы одан әрі дамытуға бағытталғаны айтылды.
Сонымен қатар сөз бостандығының кәсіби жауапкершілікпен тығыз байланысты екені, ал ақпараттың шынайылығы, объективтілігі және журналистік әдепті сақтау бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі қағидаттары болып қала беретіні ерекше атап өтілді.
Облыс прокуроры бұқаралық ақпарат құралдарының Мемлекет басшысы айқындаған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтіп, облыс прокуратурасының журналистер қауымдастығымен алдағы уақытта да ашық әрі сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында облыс прокуроры БАҚ өкілдеріне кәсібилігі мен қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық, амандық және шығармашылық табыс тіледі.
Жамбыл облысының прокуратурасы