Жамбыл облысының прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады

Жамбыл облысының прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады

Мойынқұм ауданының прокуратурасы бақылаушы және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген талдау барысында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарының өрескел бұзылу фактілерін анықтады.

Анықталғандай, ауданның Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкер салық заңнамасын бұзушылықтарды жойғаннан кейін де оның банктік шоттарына қойылған шектеулерді төрт айдан астам уақыт бойы алып тастамаған.

Тағы бір жағдайда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сумен жабдықтау нысандарының құрылысына қажетті рұқсат құжаттарын беруді негізсіз созбалаңға салған. Бұл жоба мерзімдерінің бұзылу қаупін туғызып, кәсіпкердің құқықтарының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін еді.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша бизнес субъектілерінің құқықтары қалпына келтіріліп, банктік шоттардағы шектеулер алынып тасталды және қажетті рұқсат құжаттары берілді.

Жіберілген заң бұзушылықтар үшін салық органының және аудан әкімдігінің кінәлі лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

 

Жамбыл обласының прокуратурасы