«Браконьерлікке құқықтық тосқауыл»: Жамбыл облысында жануарлар өмірін қорғау акциясы өтті

«Браконьерлікке құқықтық тосқауыл»: Жамбыл облысында жануарлар өмірін қорғау акциясы өтті

Жамбыл облысының табиғи алуан түрлілігі флора мен фаунаның байлығымен, көрікті қорық аймақтарымен ерекшеленеді. Өңірде аңшылық пен балық аулауды қоса алғанда, туризмнің әртүрлі түрлерін дамытуға бірегей мүмкіндіктер бар.

 Жамбыл облысы аумағындағы табиғи қорықтарда жойылып кету қаупі бар, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлардың 17 түрі мекендейді.

Сонымен қатар, облыста соңғы 3 жылда рейдтік іс-шаралардың нәтижелері бойынша уәкілетті органдармен әкімшілік жауаптылыққа 553 құқық бұзушы тартылып, жануарлар дүниесіне, оның ішінде жойылып бара жатқан түрлеріне келтірілген залал 65 млн теңгеден асты.

Осыған байланысты, аңшылық әуесқойлары арасында экологиялық мәдениетті арттыру, биологиялық әртүрлілікті сақтау және жануарлар дүниесі объектілерін заңсыз аулаудың алдын алу мақсатында өңірде табиғатты қорғау прокурорларының бастамасымен браконьерлікке қарсы акция өткізілді.

 Акция аясында уәкілетті және құқық қорғау органдарымен профилактикалық рейдтік іс-шаралар, халықпен және аңшы пайдаланушылармен кездесулер ұйымдастырылды.

Браконьерлік үшін жауапкершілік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Акцияға қатысушыларға жануарларды заңсыз алу, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерді жою, сондай-ақ табиғатқа зиян келтіру үшін жазалау шараларын көздейтін нормалар түсіндірілді.

Акция ұйымдастырушылары браконьерлік экожүйелерге орны толмас зиян келтіріп, табиғаттағы табиғи тепе-теңдікті бұзатынын және болашақ ұрпаққа қауіп төндіретінін атап өтті.

 Акцияға 200-ден астам аңшылық әуесқойы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықты жануарлар дүниесін бірлесе қорғауға шақырды.

 Браконьерлік фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғастырылатын болады.

 

 

Жамбыл облысының прокуратурасы