
Қордай ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде білім беру ұйымдарында «Proanketa.kz» онлайн-сауалнама платформасын әзірледі.
Онлайн-сауалнама оқушылардан кері байланыс алу және білім беру ортасындағы ахуалды мониторингтеу мақсатында жүргізіледі, оның ішінде балалардың құқықтарының сақталуы және құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мәселелері қамтылады.
Сауалнама электрондық форматта, анонимдік пен құпиялылық қағидаттарын сақтай отырып өткізіледі.
Бүгінгі күні сауалнама аудан аумағындағы 48 білім беру ұйымында жүргізіліп, 8 000-нан астам кәмелетке толмағандар қамтылды.
Сауалнама нәтижелері бойынша буллинг фактілері туралы 13 сигнал және 17 бейресми көшбасшы анықталды.
Алынған нәтижелер прокуратура органдары тарапынан уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл шеңберінде талдау жүргізу және прокурорлық ден қою шараларын қабылдау үшін пайдаланылды.
Жобаны іске асыру ақпарат алу жеделдігін арттыруға, қатысушылардың қамтылу аясын кеңейтуге және білім беру ұйымдарындағы жағдайды жүйелі түрде мониторингтеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасын табуда.
Жамбыл облысының прокуратурасы