Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен сотталғандарға қажетті деңгейде медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасымен және ҚАЖД мекемелерімен бірлесіп, аталған санаттағы адамдарға медициналық қызмет көрсетуді
жақсарту жөнінде шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, облыстық ҚАЖД-нің №26, №25 және №59 мекемелерінің базасында жылжымалы диагностикалық медициналық кешенді тарта отырып, профилактикалық медициналық тексеру
ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары, Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің өкілі және басқа да уәкілетті органдар қатысты.
Тексеру барысында сотталғандар бейінді мамандардың кеңестерін алып, жүрек-қантамыр, жүйке және тыныс алу жүйелерінің аурулары бойынша диагностикалық тексеруден өтті. Әсіресе әртүрлі есептерде тұрған ауыр науқастарға ерекше көңіл бөлінді, скринингпен 726 адам қамтылды.
Бұдан бөлек, сотталғандарға қашықтан қызмет көрсету мақсатында №58 және №59 мекемелеріне «Digital Med365» денсаулықты диагностикалау және мониторингілеудің мобильді кешенінің екі жиынтығы берілді.
Облыс прокуратурасының «Қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу» жобасы аясында, жергілікті бюджет есебінен ҚАЖ мекемелері үшін сотталғандарды тасымалдауға арнайы жабдықталған «Жедел жәрдем» автокөлігі сатып алынды.
Сондай-ақ екі ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараты, бір ФГДС аппараты және бір стоматологиялық қондырғы сатып алынды.
2026 жылы ҚАЖД мекемелерінің медициналық бөлімдерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Аталған шаралар сотталғандар арасындағы өлім көрсеткішін 31%-ға, ал шағымдар санын 10%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған адамдардың құқықтарын қорғауға және оларды қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың үйлестірілуі облыс прокуратурасының бақылауында.
Жамбыл облысының прокуратурасы