Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар мен азаптауға қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша үйлестіру кеңесі өтті.
Осыған дейін, тамыз айының басында облыс прокуратурасы ведомствоаралық кеңес өткізіп, онда полиция мен уәкілетті органдарға нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Мәселен, жекелеген полиция бөлімдерінде қылмыстың құрбаны немесе куәгері болған балалармен психологиялық тұрғыдан қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге, сондай-ақ оларды оңалтуға арналған арнайы жабдықталған «жасыл бөлмелер» ұйымдастырылды.
Үйлестіру кеңесінің отырысында жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін облыс прокуратурасымен бірқатар ұсыныстар беріліп, олар жергілікті және уәкілетті органдардың басшылары тарапынан қолдау тапты.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың, сондай-ақ балаларды ерте анықтау мен жан-жақты қолдау көрсетуге арналған мобильді топтардың жұмыс форматтары қайта қаралды.
«Тәуекел тобына» жатқызылған әрбір бала мен отбасыға қатысты мәселе толық шешілгенге дейін және құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер жойылғанға дейін барлық уәкілетті органдардан жауапты тұлғалар бекітілетін болады.
Бұдан бөлек, облыс прокуратурасымен тергеу органдарына арналған кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарды тергеу бойынша «Әдістемелік ұсыным» әзірленді.
Облыс прокуратурасы азаптаулардың алдын алу мақсатында құқық қорғау және арнайы органдардың назарын азаматтардың конституциялық құқықтарының мүлтіксіз сақталауына, бейнебақылаудың бірыңғай жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қызметкерлердің қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауына аударды.
Сонымен қатар, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен құқық қорғау органдары ғимараттарында кенеттен тексеріс жүргізу арқылы азаптаудың алдын алу шараларын кеңейту жөніндегі Меморандум жасау қажеттілігі туралы шешім қабылданды.
Үйлестіру кеңесімен қабылданған шешімдер құқық қорғау және уәкілетті органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына оң әсерін тигізеді.
Жамбыл облысының прокуратурасы