Мойынқұм ауданында қылмыс деңгейін төмендету шаралары: профилактика мен әлеуметтік мәселелерге назар аудару

Мойынқұм ауданында қылмыс деңгейін төмендету шаралары: профилактика мен әлеуметтік мәселелерге назар аудару

 

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық ҰҚКД-нің және ПД-нің бастықтарымен бірлесіп, Мойынқұм ауданында  қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын алу мәселелерін талқылау үшін көшпелі ведомствоаралық кеңес өткізді.

Ағымдағы жылы аудан бойынша жалпы қылмыстың 29%-ға, ауыр қылмыстардың 155,6%-ға, ұрлықтың 33,3%-ға, жол-көлік оқиғаларының 50%-ға және қоғамдық орындардағы қылмыстардың 125%-ға өскені, сонымен қатар интернеттік алаяқтық екі есе көбейгені атап өтілді.

Мемлекеттік органдардың арнайы комиссиясы жүргізген тексеру нәтижесінде, қылмыстың өсуіне профилактикалық жұмыстың жеткіліксіздігі себеп болғаны анықталды.

Негізгі факторлар ретінде адамдар көп жиналатын жерлерде ішкі істер органдарының техникалық жабдықталуының төмендігі, полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер аталды.

Мойынқұм және Кұшаман ауылдарында профилактикалық шаралардың азайғаны байқалды, осыған орай ауыл әкімдеріне және учаскелік инспекторларға жұмыстың жиелілігін арттыру тапсырылды.

Жергілікті атқарушы органдар мен полицияға жеке құрамның санын көбейту, учаскелік инспекторлардың жұмысын жақсарту және ауылдық елді мекендерде профилактикалық шараларды жандандыру, сондай-ақ қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларының санын арттыру ұсынылды.

Қылмыстың өсуінің әлеуметтік-экономикалық себептеріне, әсіресе жұмыссыздыққа ерекше назар аударылды.

Статистикаға сәйкес ағымдағы кезеңде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 49 адамның 42-сі (85,7%) тұрақты жұмысы болмаған.

Осыған байланысты жергілікті мемлекеттік органдарға аудандағы ірі кәсіпорындарымен өзара әрекеттесуді ұйымдастыру және жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуын арттыру үшін меморандумдар жасау ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша ауданның уәкілетті және құқық қорғау органдары қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша нақты мерзімдері белгіленген кешенді жоспар қабылдады.

 

Жамбыл облысының прокуратурасы