Балаларды қорғау: Таразда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді

Балаларды қорғау: Таразда кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді

Тараз қаласында Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселелері бойынша мекемеаралық кеңес өткізді.

Ағымдағы жылы өңірде суицид жасау әрекеттері санының төмендеуіне қарамастан, аяқталған суицидтердің өсуі байқалуда.

Балалар арасындағы суицидтердің себептері мен жағдайларын терең талдау үшін құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды.

Білім беру ұйымдарына білікті мамандар, психологтар тартылды, бірлескен іс-әрекет жоспары әзірленді және анонимді сауалнамалар жүргізілді, бұл оқушылар арасындағы суицидтердің себептері мен тәуекелдері туралы объективті деректер алуға мүмкіндік береді.

Арнайы жұмыс тобы жылдың басынан бастап тіркелген барлық суицид жағдайларын талдады.

Нәтижесінде, кейбір балаларда ойынға тәуелділік белгілері, ал басқаларында қарым-қатынаста проблемалар байқалды, ал бірнеше жағдайда себептері анықталмады.

Осыған байланысты облыс прокуратурасы уәкілетті органдарға кәмелетке толмағандардың онлайн-ойын бизнесіне қолжетімділігін шектеу туралы ұсыныс жолдады.

Суицидтердің алдын алу мақсатында психологтардың жұмыс әдістері қайта қаралды, олар орташа және жоғары деңгейдегі тәуекелдегі балаларды анықтап, профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Сондай-ақ, Байзақ ауданында жақында болған балалар суицидтерінің себептері мен жағдайларын анықтайтын арнайы топ жұмыс істейді.

Кеңестің қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтердің алдын алу жөнінде нақты индикаторлары бар Жол картасы қабылданды.

 

Жамбыл облысының прокуратурасы